EJK

Октябрь 8, 2008

Оңтүстік Осетиядағы жағдай Қазақстан экономикасына әсер етіп отыр

Қазақстандық сарапшылар Кавказдағы жағдайдың Қазақстан экономикасы үшін әсіресе, мұнай газ бен астық экспорттауда сондай ақ, банк саласына кері әсері болғанын айтып отыр. Естеріңізде болса, бұған дейін қыркүйек айында Қазақстан Грузиядағы ірі жобаларды жүзеге асырудан бас тартқан болатын.

Сарапшылар сөзіне сенсек, Грузия мен Осетия арасындағы қақтығыс тек Грузия экономикасы үшін ғана емес, сонымен қатар Қазақстан экономикасына да кері әсері болыпты. Соңғы үш жылда Грузияның ең ірі инвесторларының біріне айналған Қазақстан аталған елге сарапшылардың есептеуінше, шамамен 2 млрд доллар қаржы салыпты.

Орталық Азия экономикалық стратегиялар институтының сарапшысы, экономист Бақтияр Бақасұлы Кавказдағы жағдайдың Орталық Азия елдерінің ішінде ең алдымен, Қазақстанға күшті әсері болыпты

- Қазақстанның Грузияда энергетика, қаржы саласы сондай ақ, сауда және туризм саласында инвестициялық жобалары болған. Ондағы жағдайдың тұрақсыз болуына байланысты жобалар қазір тоқтап қалды. Әрине, бұл Қазақстан үшін де, Грузия үшін де тиімсіз. Алдағы уақытта Ресей Қазақстанның Грузиямен неғұрлым аз байланыс жасағанын қалап, қысым жасай бермек. Қазақстанға ендігі кезекте Грузиядағы инвестициялық жобаларын қайта қарастыруға тура келетін шығар.

Әйтсе де, Грузиядағы ірі энергетикалық активке ие «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының президенті Қайыргелді Қабылдин әлі күнге дейін көрші елдердегі қарым қатынастың өршуінің компанияға ешқандай кері әсер болмағанын айтып отыр.

- Біздің компания ешқандай шығыны жоқ. Қақтығыс кезінде 3-4 күн теміржол арқылы Бакудан Батумиге қарай тасымалданатын мұнай желісі тоқтап қалды. Бірақ оның қақтығысқа ешқандай қатысы жоқ, «Қазтрансгаз-Тбилисиге» келетін болсақ, оны сатып алу кезінде газдың 40 пайызын жоғалтып алдық, бүгінгі күні біз ол көрсеткішті 12 пайызға дейін кеміттік.

Алайда компания басшысы егер де тиімді ұсыныстар түсетін болса, Грузиядағы активтерін сатуға да дайын екендігін айтады. Бұл тек Батумидегі жобаларға қатысты болмаса керек. Себебі, ұлттық компания басшысы қазанның 7-сі күні болған баспасөз жиынында мемлекеттің Батумидегі мұнай терминалынан бас тарту ниеті жоқ екендігін айтады.
Сонымен бірге Батумидегі астық терминалының жобасы да Қазақстан үшін маңызды жоба ретінде қала беретін сияқты. «ҚазТАГ-тың» хабарлауынша қазіргі таңда қазақстандық «Ақ бидай терминал» мен грузиндік компаниялар арасында астық экспортын салу жобасын жүзеге асыру барысында ортақ кәсіпорын құру жағы қарастырылып жатқан көрінеді. Сарапшылардың айтуынша, бұл жоба жүзеге асқан жағдайда әлемдік астық экспорттаушылардың бірі ретінде Қазақстан өзінің бидайын жоғары сұраныс жағдайында қымбат бағамен сата алады. Сондай ақ, әлемдік нарыққа астығын өткізуде Ресей мен Украина сияқты астық өндірушілерге тәуелді Қазақстан азға болса да аталған елдерге тәуелділігін кемітетін еді дейді мамандар. Десек те, қайткен күнде де Қазақстанның бұл оқиғада Ресеймен дипломатиялық қарым-қатынасын сақтап қалуда құрбандықсыз өтпегені анық. Саясаттанушы Айдос Сарымның ойынша, Қазақстанға алдағы уақытта оған балама жолдарды қарастыруы керек.

Қазақстан Ресейдің қысымынан кейін Грузиядағы жобаларын жауып жатыр. Ол біздің Қазақстанның экономикалық мүдделеріне қайшы. Қазір «Қазтрансгаз» сияқты ірі-ірі кәсіпорындар ақырындап кетіп жатыр. Менің ойымша, Қазақстан барынша АҚШ арқылы болсын, Еуроодақ болсын, жасалып жатқан мына Ресейдің монополиясына балама жолдар, балама құбырларға тікелей қатысып, өзі де ақша қосып, іске асыра беруі керек. Енді менің ойымша, алдағы уақытта 15-20 жылда атқарылатын шаруалардың бірі Иран я Ауғанстан арқылы өтетін Үндістанға қарай Парсы шығанағына баратын газ-құбырлары болады деп есептеймін.

Комментарии (2) »

  1. Макпал, макалан унады.:-))
    Осы Казакстан БТЖ-га мунай куйып жатыр ма еди? бастапкыда Бакуге дейин танкермен тасимыз деген еди. Содан кейин хабарсыз калыппын

    Комментарий от anku1515 — Октябрь 9, 2008 @ 10:34 дп | Ответить

  2. рахмет! менімше, Қазақстан әлі құйған жоқ, бірақ жақын арада құймақшы еді. Бірақ кавказдағы жағдай Қазақстанның бұл жоспарын «өзгертіп» жатқан сияқты. менімше, ол жобадан Қазақстан бас тартпайды. Ол оңтүстік бағыттан (Қазақстан – Түркіменстан – Иран) әлдеқайда тиімді.

    Комментарий от maqpal — Ноябрь 8, 2008 @ 8:57 дп | Ответить


RSS-лента комментариев к этой записи. URI для обратной ссылки

Оставить комментарий

Блог на WordPress.com.