Еліміздің сарапшылары Қазақстанның әлемдік дағдарысқа төтеп беретін иммунитеті қалыптасты дегенімен, Әлемдік банк мамандары «Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдері қиындыққа әзір дайын емес» деп ескертуде.
Халықаралық экономистердің ортасында Әлемдік Банктің пікірімен бәрі бірдей санасады дей қою қиын. Осыдан бірер жыл бұрынғы Әлемдік Банк басшысының «шұлығына» қатысты оқиғаның өзі бұл ұйымның мінсіз беделіне дақ түсірген.
Халықаралық Валюта Қоры мен Әлемдік Банк ұйымдастырған жыл сайынғы кездесу өткен аптада Вашингтонда өткен. Биік мінберге шығып, сөз алған Еуропа мен Орталық Азия бойынша Әлемдік Банктің орынбасары Шигео Катсу:
«Соңғы он жыл ішіндегі аймақтағы елдердің экономикасындағы құрылымдық өзгерістер сауатты макроэкономикалық саясат жүргізуге көмектесті. Бұл елдер бұдан он жыл бұрынғыға қарағанда үлкен күш жинады. Бірақ бұл жайттар оларға дағдарысқа төтеп беретіндей иммунитет қалыптастырған жоқ»,
– деді. Оның бұл пікірін Еуропа мен Орталық Азия аймағы бойынша жетекші экономист Прадип Митра да қуаттай түсті.
«Дәл қазіргі жағдай Орталық Азия елдерінің саясаткерлеріне әлемдік экономикада кенеттен болатын өзгерістерге үнемі дайын болу керектігін ескертіп тұр. Ішкі нарықты несиелендіру осы уақытқа дейін жоғары болса, қазір ол күрт төмендеп кетті»,
– дейді.
Дүниежүзіндегі экономикалық ахуалды жіті бақылап отыратын орталықтың мамандары екінші деңгейлі банктердің сыртқы қарызы толығымен өтелмегендіктен, бұл елдерде (арасында Қазақстан да бар) тәуекел деңгейі шарықтап тұр деген пікірлерін жасырмады. Ғаламды дүр сілкіндірген тоқыраудан соң, қазір инвесторлар «тұрақты қаржы қорларын» іздестіріп жүргені белгілі. Инвестициялық келбетімізге нұқсан келген жоқ десек те олардың кейбіреулері өз таңдауларын жасағанда осындай ұйымдардың есебімен санасады. Сондықтан біздің аймаққа қатысты айтылған «үрейлі» мәлімдемелер инвесторларды үркітіп жіберуі ықтимал.
Отандық Қаржы нарығын реттеу агенттігінің қыркүйектің соңғы аптасында жасаған есебі де біраз шындықтың бетін ашты. KASE атты Қазақ қор биржасындағы инвесторларға арнап таратылған мәліметте мынадай қызық дерек келтіріледі: «Қазақстандағы ішкі нарықтың қаржы құралдары шетелдегі нарықтағы инвесторлардың «сапалы биржа іздеп сабылып кеткен» дүрлігістеріне де төтеп бере алмады. Лондон Сити биржасына қарап бой түзеп келе жатқан KASE сыртқы әсер-ықпалға орай құбылып отырды». Әзірге тамырын терең жаймаған қазақ биржасымен жергілікті тұрғындардың ісі болмағандықтан, бұл жайт та назардын тыс қалды. Ресей биржасының «безгегі» біз үшін жұқпалы болмады.
Осыдан үш апта бұрын Қазақстанға келген Халықаралық Валюта Қорының өкілдері экономикамызды ұңғыл-шұңғыл зерттеп, 12 пунктен тұратын кеңестерін аманаттап кеткен. Солардың кейбіреулеріне тоқталатын болсақ, олар Салық кодексіндегі шикізат емес секторға қатысты реформалар, қысылтаяң шақта банктерге бақылауды күшейту, валюта курсын өз деңгейінде ұстау арқылы салымшылардың депозиттерінің күйіп кетпеуіне жол бермеу жайында. Аз ғана күн Астанада аялдап, Үкіметке ақыл-кеңесін үйіп кеткен шетелдік сарапшылардың сөзіне құлақ түру міндетті емес. Себебі олардың барлығында дерлік биліктің қазіргі атқарып отырған шараларымен келісетіні айтылған.
Бір қызығы Әлемдік банк кез келген мәлімдемесін Халықаралық Валюта қорының есептері негізінде әзірлейтін. Олай болса, Вашингтондағы экономистердің жиынында «кәлималарынан» жаңылғаны несі екен…
Қазақ үкіметі экономикасын қаржы дауылынан құтқару үшін жалпы ішкі өнімінің 15 пайызын яғни, 15 млрд. АҚШ долларын жұмсамақшы.
Ұлттық қор тәрізді қаралы күнге негізделген сақтандыру шаралары көптеген елде бар болғанымен, қаржы-қаражаттың барлығы біздің елдегідей мұнай саудасынан түзіліп отырған жоқ. Дүйсенбі күні Кәрім Мәсімовтің жасаған мәлімдемесі халықаралық қауымдастықты елең еткізді. Себебі осы уақытқа дейін бізде қаржы дағдарысы жоқ деп сендіріп келген үкімет «сақтандыру» шараларына көшкенін мәлімдеп отыр. Ұлттық қорда қазір 27 млрд. ақша бар.
«Дүйсенбі күні хабарланған жоспар бойынша қаржының 10 млрд доллары ұлттық қордан аударылады», – деді Үкімет басшысы.
Осылайша Қазақстан өз банктеріне залал келмес үшін мұнайдан түскен ақшасын кәдеге жаратпақшы. Мұнай айналасына шоғырланған шетел инвесторларының мүддесі қазір қыл ұшында тұр. Bloomberg басылымына жарияланған сондай бір сарапшының сөзінен суық ызғар еседі. «Қазақстан экономикасы мұнайға тәуелді өзге де елдер тәрізді несие дағдарысынан қорғалмаған. Себебі экономикадағы ақшаның дені қысқа мерзімді қарыздардан келген. Латвия тәрізді Қазақстанның да экономикасын мұнайдан келген 100 млрд. АҚШ доллары дағдарыс жағдайында әлсіретіп отыр» деп RBC Capital Market есебін жариялапты
Қазақ Ұлттық Банкі банктерге пайыздық ставкалардың мөлшерлемесін алдағы үш жылда өсірмеуге кеңес берді. «Қазақстан бұндай қадамға қарызқорларға тиым салу үшін барып отыр», – дейді Reuters.
Қазақстан үкіметі биылғы жылы Жалпы Ішкі өнімнің өсуі баяулайды деп болжам жасауда. 2000 жылы өсім 10 пайыз болса, енді ол 5.4-5.5 пайызға дейін төмендеуі мүмкін.
Қайткен күнде де, қиыншылықты еңсеру үшін біздің билік World Bank ескертуін үнсіз тыңдап (онсыз бола ма?) IMF- тің көмегіне жүгінбейтін болды.


Кеше біраз саясаткерлер ұлттық қордың құнды қағаздары құнсызданудың алдында тұр, сондықтан оны шетелдік компаниялардан алып, отандық мұнай, тау кенмен шұғылданатын компаниялардың акциясына құю қажет деп шырылдап жатыр. Олардың алаңдауына негіз бар секілді.
Комментарий от maqpal — Октябрь 22, 2008 @ 5:29 дп |
Менің ойымша олар өз байлықтары үшін алаңдап отырған тәрізді…
Комментарий от urimtal — Октябрь 22, 2008 @ 6:39 дп |
[...] журналистер. Өзіміздің блогымыз да бар. Уақытың болса, менің жазбамды оқып, пікір қалдыруыңды [...]
Уведомление от EJKAZ тренингінен соң « Өрімтал — Ноябрь 21, 2008 @ 4:49 дп |